Калифорнияда бомбалаушы ұшақ апатқа ұшырап, сегіз адам қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ армиясының B-52 Stratofortress стратегиялық бомбалаушы ұшағы Калифорния штатындағы Мохаве шөлінде орналасқан Эдвардс әскери-әуе базасынан ұшып шыққаннан кейін көп ұзамай апатқа ұшырады, деп хабарлайды NBC .

Фото: NBC

Оқиға жергілікті уақыт бойынша сағат 11:20–да болған. Ұшақ жоспарлы сынақ ұшуын орындап жатқан. Куәгерлердің айтуынша, апаттан кейін аспанға қою қара түтін көтерілген.

— Бүгін Эдвардс әскери-әуе базасында орны толмас қайғылы оқиға болды. Біз сегіз отандасымыздан айырылдық, — деді журналистерге полковник Джеймс Хейз.

Оның айтуынша, қаза тапқандардың қатарында әскери қызметші және мемлекеттік қызметшілер мен мердігерлер болған.

Полковниктің мәліметінше, B-52 ұшағы базаның радиолокациялық жүйелерін жаңғырту бағдарламасына қатысқан. Ол жерден көтерілгеннен кейін бірден өртеніп кеткен.

Әзірше апаттың нақты себебі анықталмаған. Джеймс Хейздің сөзінше, арнайы тергеу шаралары аяқталғаннан кейін ғана оқиғаның себебі белгілі болады. Тергеу жұмыстары 30 күнге созылуы мүмкін. Ал қосымша зерттеу шаралары алты айдан астам уақытты алуы мүмкін.

Boeing B-52 Stratofortress-ті америка әскері 1950 жылдардан бері пайдаланылып келеді. Бұл — үлкен қашықтықтағы стратегиялық бомбалаушы ұшақ. Ол АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соңғы соғысында бомбалауға қолданылған.

15 шақырымға дейінгі биіктікте ұша алатын бұл ірі бомбалаушы ұшақ (коммерциялық әуе лайнерлері шамамен 10 шақырым биіктікте ұшады) шамамен 35 тонна жүк көтере алады. Оған бір жолда жүздеген қарапайым бомба мен 32 ядролық қанатты зымыран сияды.

Оған әуеде жанармай құюға болады, бұл оның алыс қашықтыққа еркін жетуіне мүмкіндік береді. Сол қасиетінің арқасында АҚШ-қа қырғи-қабақ соғыс кезеңінде «ядролық қолшатыр» құруға мүмкіндік берді.

Бұған дейін Үндістанда әскери ұшақ апатқа ұшырап, бес адам қаза тапқан болатын.

Назерке Жұмабек