Калифорнияда бойжеткен бөлмелердің орнына ұяшықтар салынған жатақхана ашты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Калифорнияда 27 жастағы кәсіпкер әйел Podshare - миллениалдар (1980-2000 жылдар аралығында дүниеге келген адамдар ұрпағы, ақпараттық технологиялар заманында туылғандар) үшін қолжетімді баспана жобасын іске қосты. Оның ойынша, бұл пәтерлер, хостелдер және Airbnb-ны қымбат бағаға жалға алудың баламасына айналуы тиіс, деп хабарлайды vc.ru.

Podshare тұжырымдамасына сәйкес, барлық тұрғындар кереует, теледидар, тоқ розеткалары және шамы бар арнайы ұяшықтарға жайғасады. Мұндағы дәретхана, жуынатын бөлме және асүй бөлмесі барлық тұрғындар үшін ортақ.

Осындай қонақүйде бір түн жату бағасы - 40-тан 50 долларға дейін. Жоба Лос-Анджелес пен Голливудта локацияларын ашты. Podshare сондай-ақ өз тұрғындарына күніне 15 долларға жұмыс орнын жалға алуды ұсынады.

Калифорнияда баспананың тым жоғары бағасы өз мансабын енді бастап келе жатқан қызметкерлерді жалға алудың баламалы нұсқаларын іздеуге мәжбүрлейді. Мәселен, кейбір қызметкерлер жұмыс істейтін кеңселерінің қасындағы көлік тұрағында орналасқан жүк көліктері мен шағын автобустарда тұруға бейімделеді.