Қалың қар, көктайғақ: Өскеменде жол апаты 4 есе артты
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында ауа қолайсыздығына байланысты жол апаты күрт көбейді.
Қалада қалың қар жауып, көктайғақ болуы салдарынан жүргізушілерге көлік айдау қиындап кетті. Алғашқы қар Өскеменде 5 қарашада жауған болатын. Сол кезде бір күнде 23 жол апаты тіркелді.
Негізінен қалада тәулігіне орташа есеппен 10, ары кетсе 15 жол апаты болатын.
- Келесі күні 25 жол-көлік оқиғасы болды. Ал 7 қарашада жол апаттарының саны 40-қа жетті. Бұл әдеттегі көрсеткіштен 4 есе көп. Осы ретте, көлік жүргізушілеріне қысқы дөңгелекке ауысуды, жылдамдықты шектеуді және қауіпсіз арақашықтықты сақтауды қатаң ескертеміз, - деп хабарлады қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметінен.
Айта кетейік, 1 желтоқсаннан бастап дөңгелектерін қыстыққа ауыстырмаған жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Еске салсақ, осыған дейін Павлодар облысында жолаушылар автобусы аударылып, бір адам қаза тапқаны хабарланған.