Қаллеки театры 36-маусымын Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясымен ашты

АСТАНА. KAZINFORM — Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры 36-маусымының шымылдығын Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясымен ашты.

Фото: Kazinform

Театрдың қоюшы режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлсина Мирғалиеваның айтуынша, маусымның дәстүрлі «Абай» қойылымымен емес, «Қарагөзбен» басталуы тегін емес.

— Бүгін 36-маусым ашылып жатыр. Бүгін маусымашарда «Қарагөз» спектаклімен бастап жатырмыз. Өйткені Мұхтар Әуезовтің «Қарагөзі» — көрермен жақсы көретін классика. Біздер ұлттық театр болған соң, осы спектакльмен ашқанымыз дұрыс деп шештік, — деді Гүлсина Мирғалиева.

Фото: Kazinform

Бұл бастаманы театр директоры Ербол Қабылбеков та қолдап, репертуарға енгізілген өзгерістің себебін түсіндірді.

— Жалпы театрдың дәстүріне айналған «Абай» қойылымымен ашылып, сонымен жабылып келген едік. Енді заман өзгеріп жатыр, театрдың да репертуарында кішкене өзгерістер болсын деген мақсатпен, «Абай» да, «Қарагөз» де Мұхтар Әуезовтің шығармасы болғандықтан, Әуезовтен аттап кетпей, «Қарагөзбен» ашылып, өзгешелік жасауды ұйғардық, — деді ол.

Фото: Kazinform

Сондай-ақ Ербол Қабылбеков алдағы қараша айында өтетін маңызды мерейтойларға тоқталды. Театр басшылығы бұл жылдың Тәуелсіздікпен құрдас өнер ұжымы үшін жауапты кезең екенін атап өтті.

— Қарашаның 15-інде театрымызға 35 жыл болады. Сонымен бірге халық артисі Гүлжан Аспетованың 80 жылдығын тойлаймыз. Одан бөлек режиссер Жұлдызбек Жұманбайдың «Еңлік-Кебек» спектаклі сахнамызда жарық көреді. Соған үлкен дайындықтар жүріп жатыр, — деп толықтырды Гүлсина Миргалиева.

Күзгі маусымның негізгі оқиғалары:

  • Республикалық фестивальдер: Қыркүйекте Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» драмасы (реж. Г. Миргалиева) Павлодардағы «Ертіс-Баян» фестиваліне қатысады. Қазан айында Лев Толстойдың «Анна Каренина. Роман парақтары» хореодрамасы (реж. Р. Махатаев) «ТеатрALL» халықаралық фестивалінде бақ сынайды.
  • Гастрольдік сапарлар: Олжас Жанайдаровтың «Жұт» драмасы (реж. А. Абушахманов) Арқалық қаласы, Жангелдин және Амангелді ауылдарының көрермендеріне ұсынылады.

36-маусым аясында кіші және үлкен залдарда репертуарлық спектакльдермен қатар заманауи драматургия туындылары үздіксіз қойылмақ.

Айта кетейік, бұған дейін, «Астана Опера» XIV театр маусымын әйгілі «Абай» операсымен ашқанын жазған едік.