Қаллеки театры қарашада «Қараш-қараштың» премьерасын өткізеді
«Қазақ халқының әр перзентін елін-жерін сүюге тәрбиелейтін драма елорда сахнасында тұңғыш рет сахналанбақ», - дейді баспасөз хатшы.
Ә.Чапайқызының айтуынша, драма авторы - жазушы, драматург Қалиқан Ысқақ, қоюшы режиссері - ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков. «Пьесаны қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Қараш-қараш оқиғасы» повесі бойынша Қалиқан Ысқақ сахналық нұсқасын жасаған. Бұл режиссер Әлімбек Оразбековтің Әуезов әлеміне төртінші рет қадам басуы. Бұған дейін «Абай», «Айман-Шолпан», «Қорғансыздың күні» пьесаларын дүниеге әкеліп, олар бүгінгі таңға дейін көрерменнің сүйікті қойылымдарына айналған болатын. Елін-жұртын ойлап, күн кешкен екі азаматтың достығы, туған жерге деген үлкен махаббаты, ар алдындағы адалдығы көрініс табады.
«Жарасбай ойдың адамы, Бақтығұл істің адамы. Осы екі ұғым бірін-бірі түсінуде сәл жансақтық жіберсе, «сатқындық» дейтін жау тұтқиылдан шабуыл жасайды. Бүгінге дейін күрделі тақырып - «жер» мәселесі - қойылымның күретамыры. Ата-бабадан қалған даланы сақтап қалу - әр қазақтың адами парызы», - деді драманың мазмұнына тоқталған Ә.Чапайқызы.
Қойылым кешкі сағат 18.30-да басталады.