Қаллеки театрының жаңа маусымы ашылады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 1 қазан күні Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық–драма театры XXXI жаңа маусымын ашады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қаллеки театры дәстүр бойынша жаңа маусымды М.Әуезовтың «АБАЙ» қойылымымен бастайды.

«Абай» трагедиясының қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков. Сахнада Аға Абай бейнесін Қазақстанның Халық артисі Тілектес Мейрамов, Абай бейнесін – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуіл сомдайды. Премьерасына 12 жыл болған бұл қойылымның театр репертуарындағы орны ерекше. Ғасырлар бойы қалыптасқан кертартпа әдет-ғұрып пен мылқау күш, дүлей заманды айыптап өткен Абай ойы, Абай философиясы сахнада ұлы М.Әуезов драматургиясымен өткен ғасырға жол тартқанымен, бүгінгі көрермен үшін де көкейкестілігін жоғалтқан жоқ», - деп жазылған театрдың баспасөз қызметінің ақпаратында.

Сонымен бірге, биыл ел Тәуелсіздігіне және Қаллеки театрына 30 жыл толады. XXXI жаңа маусымда Қаллеки театрының 30 жылдық мерейтойына арналған шаралар да ұсынылады.