«Кальмар ойыны»: Қазақстандықтарға таныс ойындар танымал сериалда
АСТАНА. KAZINFORM – Жақында 2021 жылы әлемге әйгілі болған танымал «Кальмар ойыны» сериалының көптен күткен екінші маусымы жарық көрді. Сериалда қазақ халқына етене таныс үстел ойындары көрініс тапты, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Сериал авторлары көрерменді динамикалық сюжетімен ғана емес, жаңа сынақтарымен де қайта таңғалдырды. Қызығы сол, жаңа маусымдағы кейбір ойындар Орталық Азия көшпенділерінің ұлттық ойындарына қатты ұқсайды.
Екінші маусымның сынақтарының бірі бес ойыннан тұрды: Ттакчи, Бисокчиги, Конггинори, Пхенги және Джеги. Әрбір ойын қатысушылардың ептілігін, стратегиялық ойлауын және командамен жұмыс істеу қабілетін сынайды. Алайда кейбір ойындардың көшпенді халықтардың дәстүрлі ойындарымен ұқсастығы ерекше назар аударуға тұрарлық.
Бисокчиги және асықтар
Бисокчиги (Ұшатын тас) ойыны қазақтың ұлттық «Асық ату» ойынына ұқсайды. Асық ату секілді, ойыншылар бір затты екіншісімен атып түсіруі керек. Бисокчигиде жерге қойылған «құлпытас» тәрізді затты алыстан таспен атып түсіру керек. Екі ойында да лақтыру арнайы белгіленген аймақтан жасалады, ал сызықтан асып кетуге қатаң тыйым салынады.
Конггинори және «Бестас»
Конггинори («Бес тас») – қазақтар арасында танымал «Бес тас» ойынының корейлік нұсқасы. Екі ойында да бес кішкентай тас пайдаланылады және ептілікті қажет ететін кезектескен раундтардан тұрады. Алайда, ережелерінде айырмашылықтар бар. Мысалы, Конггинориде тастарды ауада қағып алуға көбірек мән беріледі, ал «Бес таста» ойыншылар көбінесе қолмен арка жасау немесе тастарды ауыстыру сияқты элементтерді қосады. Бұл айырмашылықтар әр нұсқаны ерекше етеді, бірақ ойынның жалпы рухы сақталады.
Ттакчи және «Фишкалар»
Кореяда Чосон заманынан бері танымал Ттакчи ойыны қазақстандықтардың балалық шағындағы ойынына ұқсайды. Мысалы, ол 1990 жылдары танымал болған «Фишкалар» ойынын еске түсіреді. Онда балалар қарсыластарының фишкасын жеңіп алуға тырысатын.
Екі ойында да мақсат бір – лақтырып, қарсыластың затын аударып түсіру. Алайда Ттакчиде дәстүрлі түрде қағаз конверттер қолданылса, «Фишкалар» заманауи поп-мәдениет рухын сіңірген.
Пхенги мен Джеги
Екінші маусымның қалған екі ойыны да көрермендердің көңілінен шықты. Пхенги, немесе Зырылдауық – жіпті пайдаланып айналмалы ойыншықты іске қосу шеберлігін талап етеді. Бұл ойын Қазақстанда XX ғасырдың ортасында балалар арасында танымал болған еді.
Джеги (Чеги немесе Чегичаги) ойынының Орталық Азияда ойналатын Ләңгіден айырмашылығы аз. Ләңгіде былғарыдан немесе жүннен жасалған кішкентай доптар қолданылған. Бұл ойында мақсат — ләңгіні аяқпен бес рет соғып, жерге түсірмеу керек.
Ережелері мен атрибуттарындағы айырмашылықтарға қарамастан, түрлі мәдениеттерге тиесілі халықтық дәстүрлердің ұқсастығы көп.
Еске сала кетсек, өткен жылы қыркүйекте Астанада 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өткен еді.