Қалың қар, жел, боран: Қызылорда-Павлодар және Екатеринбург-Алматы жолдары жабылды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында бірқатар жолдар жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

13 ақпан күні Қарағанды ​​облысының солтүстігінде, солтүстік-шығысында, орталығында және оңтүстік-шығысында қалың қар жауып, жел күшейіп, боран соғып тұр.

Осыған байланысты сағат 14:30-дан бастап республикалық маңызы бар бірқатар жол учаскелерінде көліктің барлық түріне қозғалыс жабылды.

Олар:

«Қызылорда – Павлодар» (Қарағанды ​​– Павлодар облысының шекарасы);

«Екатеринбург – Алматы» (Қарағанды ​​– Ақмола облысының шекарасы, Қарағанды ​​– Ақсу-Аюлы ауылы және Қарағанды ​​қаласының Солтүстік-Шығыс айналма жолының учаскесі).

Төтенше жағдайлар департаментінің күш-құралдары адамдарды құтқару үшін екі мәрте жолға шықты.

Нәтижесінде 4 адам құтқарылып, 2 автокөлік тазартылған аумаққа сүйретіліп шығарылды.