Қалың жауған қар Бішкек-Алматы тас жолын жауып тастады

БІШКЕК. Қаңтардың 20-сы. ҚазАқпарат /Евгений Новиков/ - Қалың жауған қар Бішкек-Алматы тас жолын жауып тастады.

150 шақты машина қар құрсауында қалып қойды, деп хабарлады Қырғызстанның Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінен.

Екі қаланың арасын қосатын Қордай асуы (Қазақстан) арқылы өтетін жол кешелі бері жабық. Қазақстан жағы адамдарды жылыту және ыстық тамақпен қамтамасыз ету үшін арнайы орындар ұйымдастыруда.

Қырғызстанның Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметтері бойынша, метеорологиялық жағдай қиындап отыр. Бүгін, қаңтардың 20-сында сағат 6.00-да желдің жылдамдығы секундына 15 метрді құрады, кей кездері желдің екпіні 22 метр/секундқа дейін жетті. Қар әлі жауып жатыр, 2-3 метр жердегіні көрудің өзі мұң.

Төтенше жағдайлар министрлігі Қырғызстан азаматтарына Алматы бағытындағы сапарларын кейінге қалдыруға кеңес беруде. Жолдар қардан тазартылғаннан кейін көліктер біртіндеп өткізіле бастайды. Қазіргі уақытта жол учаскесінде қазақстандық 5 арнайы техника жұмыс істеп жатыр.