Камала Харрис АҚШ президенттігіне қайта үміткер болуға ниетті
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тың бұрынғы вице-президенті Камала Харрис BBC арнасына берген сұхбатында ел тарихында әйел президент болатынына сенетінін айтты, деп жазды BBC.
Амала Харристің айтуынша, оның жиендері болашақта әйел адамның президенттік қызметке келетінін міндетті түрде көреді.
Сұхбат барысында журналист оның өзі сол әйел болуы мүмкін бе деп сұрағанда, ол:
— «Мүмкін», — деп жауап беріп, АҚШ президенттігіне қайта үміткер болу мүмкіндігін қарастырып жатқанын растады.
Дегенмен саясаткер соңғы шешімін әлі қабылдамағанын, бірақ саясаттағы қызметін жалғастыру ниеті бар екенін атап өтті.
— Менің жұмысым әлі біткен жоқ. Бүкіл мансабым — халыққа қызмет етуге арналған, бұл менің қанымда бар, — деді ол.
Сондай-ақ Харрис өзіне қатысты сауалнамадағы төмен көрсеткіштерге пікір білдіріп, «ешқашан рейтингке сүйенбеймін» деді.
— Егер мен сауалнамаларға қарап шешім қабылдаған болсам, өзімнің алғашқы да, екінші лауазымыма да сайланбас едім. Тіпті, қазір осында отырмас едім, — деді ол.
BBC атап өткендей, демократиялық партия әлі де өткен жылы Дональд Трамптың жеңісін түсіндіруге тырысты.
Кей сарапшылар бұрынғы президент Джо Байденнің жарыстан тым кеш шығуын, ал басқалары Камала Харристің президенттік науқанындағы әлсіз стратегиясы мен экономикалық саясат бойынша нақты ұстанымының болмауын партияның жеңіліс себептерінің бірі деп санайды.
Бұған дейін хабарланғандай, Камала Харрис Калифорния штатында 2026 жылғы губернатор сайлауына қатыспайтынын мәлімдеген еді.