Камала Харрис АҚШ президенттігіне үміткер болуға жеткілікті дауыс жинады

ВАШИНГТОН. KAZINFORM — АҚШ вице-президенті Камала Харрис қараша айында өтетін президентк сайлауға үміткер болу үшін жеткілікті дауыс жинай алды. Бұл туралы кеше, 2 тамызда Демократиялық партия ұлттық комитетінің төрағасы Джейми Харрисон мәлімдеме жасады, деп хабарлайды СNN агенттігі.

Фото: x.com/VP

Америка Құрама Штаттарының қазіргі президенті Джо Байден Харристің бұл жетістігін құптады.

— Мен қабылдаған ең жақсы шешімдердің бірі — Камола Харристі вице-президент ретінде таңдау болды. Ол енді біздің партияның кандидаты болады және мен оны мақтан тұтамын, — деп жазды ол Facebook парақшасында.

Демократиялық ұлттық конвенция делегаттары алған электронды бюллетеньдерге тек Камола Харристің есімі енгізілді.

Президенттікке ресми түрде ұсынылуда оны қолдау үшін кемінде 1976 делегат қажет болды.

Виртуалды дауыс беру 5 тамызда аяқталады. 19-22 тамызда Чикагода Демократиялық партияның ұлттық құрылтайы өтеді.

Бірақ Харристің кандидатурасы алдын ала мақұлданса, дауыс беру жай ғана формальдылық болады.

— Демократиялық партиядан Америка Құрама Штаттарының президенттігіне болжамды үміткер болғанымды мақтан етемін. Виртуалды дауыс беру кезеңі аяқталғаннан кейін келесі аптада сіздің кандидатураңызды ресми түрде қабылдаймын, — деді Харрис.

Айта кетейік, Камала Харристің рейтингі америкалықтар арасында күрт артты.