Камала Харрис алдағы президенттік сайлауға қайта түсуі мүмкін екенін жасырмады
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тың бұрынғы вице-президенті Камала Харрис болашақта өзінің әйтеуір бір күні президент болатынын және бұл лауазымға ерте ме, кеш пе, әйел адамының келетініне кәміл сенеді, деп жазды BBC.
Бұл туралы ол BBC арнасына берген сұхбатында айтты.
Харристің айтуынша, оның немерелері көзі тірісінде міндетті түрде әйел президентті көреді. Ал журналист қойған «Бұл әйел өзіңіз боласыз ба?» деген сұраққа Харрис «мүмкін» деп жауап беріп, елдің ең жоғары лауазымы үшін қайта күресуге дайын екенін ашып айтты.
Дегенмен ол бұған қатысты әзірге нақты шешім қабылдамағанын, бірақ саясаттағы алда жүрер жолының жоспарын түзіп жүргенін атап өтті.
«Мен әлі аяқтаған жоқпын, — деді Харрис. — Бүкіл мансабым халыққа қызмет етумен байланысты, ал бұл менің қанымда бар қасиет».
Журналист Камала Харристен Демократиялық партияның президенттікке үміткерлер тізіміне кіру мүмкіндігі төмен екені туралы сауал қойған кезде, ол мұндай пікірлерге мән бермейтінін айтты.
«Егер мен сауалнамаларға сүйеніп шешім қабылдасам, өзімнің алғашқы да, кейінгі де қызметімнің сайлауына түспес едім. Одан қалса, бұл жерде де отырмас едім», — деді ол.
Саясаткерлер мен сарапшылар Демократиялық партияның өткен жылы республикашыл Дональд Трамптан жеңілгенін әлі де талқылап келеді. Көпшілігі бұрынғы президент Джо Байденді сайлау науқанынан ертерек шықпағаны үшін сынға алып жатыр.
Алайда кей сарапшылардың Камала Харриске де қояр сұрақтары бар. Егер ол Трампқа қарсы саяси тартысты өз бетінше жүргізсе, экономикалық мәселелер төңірегіндегі көзқарасын нықтап, нақты стратегия ұсына алар ма еді, деген пікірлер айтылып жатыр.
Айта кетейік, Камала Харрис Калифорния штатының губернаторы қызметіне кандидатурасын ұсынбайтынын жазғанбыз.