Қамау орындарында отырып қылмыстық әрекеттерін жалғастырған ұйымдасқан қылмыстық топтың үстінен 45 іс қозғалды ? ІІД

АСТАНА. Наурыздың 31-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астаналық Ішкі істер департаменті темір тордың арғы жағында отырып, ұялы телефон арқылы қылмыстарын жалғастырып келген ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты 45 іс қозғады.

Бұл туралы бүгін өткен брифингте ІІД Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының бастығы Сәкен Әбдрахманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Бұған дейін ІІД бас бостандығынан айыру орындарында отырып, алаяқтықпен айналысқан қылмыстық топты құрықтағандығын мәлімдеген болатын. Бүгінде бұл іс бойынша 45 қылмыстық іс қозғалды, тағы бір іс ҚР Қылмыстық кодекстің 235-ші бабы бойынша (ұйымдасқан қылмыстық топты ұйымдастыру және оны басқару) топтың жетекшісіне қатысты қозғалды. Олар азаматтардан 56 мың АҚШ долларын иемденуге әрекет еткен. Іс-жүзіндегі шығын 14 мың АҚШ долларын құрады», деді ол. Оның айтуынша, наурыздың 25-30-ы аралығында жүргізілген «Найзағай» жедел алдын-алу іс-шарасы барысында да осындай тағы бір ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді. Жәбірленушілерден ақшаны талап етудің жоспары бұған дейінгі ұйымдасқан топтың сценарийіне ұқсас. Мәселен, ЕЦ 166/1 мекемесінде жазасын өтеп жатқан Алексей есімді азамат кез-келген қалалық телефон нөмірін теріп, өзін полиция капитаны ретінде таныстырады. Бауырларының бірінің немесе баласының істі болып, болмаса басқа да қиын жағдайға тап болғандығын айтып, оған көмектесу үшін ақшалай сыйақы қажет екенін жеткізеді. Телефон иесі жақынына көмектесу үшін аталған соманы алып, қылмыскер белгілеген жерге келеді. Бұл уақытта ақшаны алып кету үшін Алексей бостандықта жүрген сыбайластарының бірін жұмсайды. Ақшаны қолға түсірген сыбайласы оны «сақтаушыларға» алып барады. Олар өз кезегінде ақшаны қамау орынынан босап шыққан К.есімді азаматқа береді. Ол қаржыға есірткі заттары мен қымбат азық-түлік тағамдарын сатып алынып, Алексейге жіберіп отырған. Бүгінде аталмыш қылмысқа қатысы бар деген топтың 13 мүшесі анықталды. Оның 3-уі сол уақытта Алексей тәрізді тордың арғы бетінде отырғандар, бостандықта жүрген 7-уі ? ұсталды, 3-уінен ешқайда кетпеу туралы қолхат алынды. ҚР ҚК-тің 235 бабы 1 тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.