Бұл бүгін Алматыда өтіп жатқан "ҚР Қылмыстық саясаты: жай-күйі және оны либерализациялаудың негізгі бағыттары" деп аталатын дөңгелек үстел жиынында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Қамаудан шыққан азаматтарға, оның ішінде, әсіресе жасөспірімдер мәселесіне ерекше назар қажет. Мінезі, өмірге деген көзқарасы қалыптаспаған азамат болғандықтан оларға жаза тағайындаған кезде де қатты көңіл бөлуіміз керек. Өйткені кез келген адам өзінің өмірінде белгілі бір сатылардан өтеді", дейді ҚР Жоғарғы сот төрағасы Мұсабек Әлімбеков. Оның айтуынша, жасөспірім жастан кәмелеттік жасқа өту барысында ол біріншіден, білім алуы керек. Екіншіден, қандай да бір мамандық иесі боп шығуы қажет. Үшіншіден, кәмелеттік жасқа толғаннан кейін отбасын құруы керек. Осы негізгі мәселелер орнықпаған жағдайда, ол қылмыс жасауға барады. Сондықтан бұл мәселеге жан-жақты қарауымыз керек. "Қоғамдық пікірді қалыптастырып қоямыз да, соның арнасымен кете береміз. Біресе қылмыскерлермен қатаң күресуіміз керек дейміз де бәрін түрмеге қамаймыз. Біресе бас бостандығынан айырылғандар көбейіп кетті дейміз. Осының бәрі мәселені терең зерттеп, зерделеп қарамағанның салдары", дейді Мұсабек Тұрғынбекұлы.