«Қамбаш» балаларды сауықтыру және қосымша білім беру орталығы алғашқы шәкірттерді қабылдады - Қызылорда облысы (ФОТО)

None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Кеше Қамыстыбас елді мекенінде «Қамбаш» балаларды сауықтыру және қосымша білім беру мемлекеттік коммуналдық-қазыналық кәсіпорнының ашылу салтанаты өтіп, ауданның алғашқы 100 дарынды оқушыларын қабылдады.

Салтанатты рәсімге аудан әкімінің орынбасары Қ. Жанұзақов ардагерлер К.Айбосынов, Ә.Садықбаев, Н.Оспанов және мектеп директорлары қатысты. Бұл туралы Арал аудандық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аталмыш сауықтыру орталығында мектеп бітіруші түлектер төрт негізгі пән және бесінші таңдау пәні бойынша тереңдетіп білім алады. Сонымен қатар, балаларға орталықтың тәлімгерлері тәрбиелік іс-шара жұмыстарын жүргізеді. Нысанда барлық жағдай жасалған. Жатын бөлмесі, емдеу-профилактикалық корпусы, асхана бар. Ең бастысы, салауатты өмір салтын насихаттауға басымдық берілген. Аудан әкімінің орынбасары Қуаныш Қуантқанұлы Ұлттық бірыңғай тестіге жақсы дайындықпен бару үшін оқушыларға мол мүмкіндіктер жасалып отырғандығын атап өтіп, осындай сәтті пайдаланып, түлектерді білім қорын кеңейтуге шақырды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кішкене Айбосынов орталықтың сауықтыру және білім, ұжымдық артықшылықтарын тілге тиек етіп, түлектердің Ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары балға ие болуларына сәттілік тіледі.