Камбоджа Дональд Трампты Нобель бейбітшілік сыйлығына ұсынбақ
АСТАНА. KAZINFORM — Камбоджа АҚШ президенті Дональд Трампты Нобельдің бейбітшілік сыйлығына ұсынуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Reuters.
Бұл туралы жұма күні Камбоджа премьер-министрінің орынбасары Сун Чантол мәлімдеді. Ол Трамптың Камбоджа мен Таиланд арасындағы жақында болған қақтығысты реттеуге тікелей араласқанын атап өтті.
Бұған дейін Пномпень қаласында журналистер алдында сөйлеген Сун Чантол бейбітшілік орнатуға ықпал еткені үшін Трампқа алғыс білдіріп, оның халықтар арасындағы достықты нығайтуға үлкен үлес қосқан тұлға ретінде бұл беделді халықаралық марапатқа лайық екенін айтты.
Еске салайық, Камбоджа мен Таиланд арасындағы бес күнге созылған әскери қақтығыстан кейін 29 шілде күні жергілікті уақытпен 00:00-де (Астана уақытымен 28 шілде сағат 22:00) екі елдің шекаралас аймақтарында «жедел әрі сөзсіз атысты тоқтату» туралы келісім күшіне енді.
Маусым айында Пәкістан АҚШ президентін Үндістан мен Пәкістан арасындағы соңғы дағдарыстағы «дипломатиялық рөлі мен көшбасшылығы» үшін 2026 жылғы Нобель бейбітшілік сыйлығына ұсынған еді.