Камбоджа Премьер-министрі Қазақстанға ресми сапармен келді

АСТАНА. KAZINFORM — Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Камбоджа Корольдігінің Премьер-министрі Хун Манетті қарсы алды.

Фото: Ақорда

Жоғары мәртебелі мейманның келуіне орай салтанатты рәсімдер залында құрмет қарауылы сап түзеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Хун Манет ресми делегация мүшелерін бір-біріне таныстырды. Қазақстан делегациясы құрамында ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, Астана әкімі Жеңіс Қасымбек бар.

Фото: Ақорда

Одан кейін Құрмет қарауылы ротасының командирі салтанатты рапорт берді. Президент оркестрі Қазақстан мен Камбоджаның мемлекеттік әнұрандарын орындады.

Салтанатты рәсімнен соң Қазақстан Президенті мен Камбоджа Премьер-министрі кілем төселген жолмен Қазақстанның Мемлекеттік туына қарай жүріп өтті. Бұдан кейін тараптар келіссөздер жүргізуге кірісті.

Фото: Ақорда

Айта кетейік, 2026 жылғы қаңтар-тамыз айларында Қазақстан мен Камбоджа арасындағы тауар айналымы 29,4 млн доллар болды. Бұл өткен жылғы осы кезеңімен салыстырғанда 3,2%-ға көп.

Фото: Ақорда

Қазақстанға Камбоджадан көбіне тоқыма және трикотаж бұйымдары, аяқ киім мен кейбір тұтыну тауарлары жеткізіледі. Ал Қазақстан Камбоджаға негізінен бақылау-өлшеу құралдарын экспорттайды.

Еске сала кетсек, биыл шілде айында Шанхайда өткен Дүниежүзілік жасанды интеллект жөніндегі конференция аясында Мемлекет басшысы Камбоджа Премьер-министрі Хун Манетпен кездескен еді. Хун Манет Камбоджаның Қазақстанмен қарым-қатынасты нығайтуға мүдделі екенін растады.