Камчаткада 7,2 және 6,8 магнитудалы жер сілкінісі болды

Фото: Анадолы

АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылғы 20 шілдеде Камчатка түбегінде 6,8 магнитудалы жер сілкінісі тіркелді, деп хабарлайды Синхуа агенттігі ТАСС-қа сілтеме жасап. 

Ресей ғылым академиясының Біріккен геофизикалық қызметінің Камчаткадағы филиалының мәліметінше, зілзала Петропавл-Камчатский қаласынан 167 шақырым қашықтықта болған. Бұл осы аймақтағы қатарынан төртінші жер сілкінісі.

Бұған дейін Синьхуа ақпарат агенттігі жексенбі күні Бейжің уақытымен 14:49-да Камчатка түбегінің шығыс жағалауындағы теңіз акваториясында 7,2 магнитудалы жер сілкінісі болғанын мәлімдеді. Бұл туралы Қытайдың сейсмологиялық желілер орталығы (CENC) хабарлады.

CENC мәліметінше, жер сілкінісінің эпицентрі 52,90° солтүстік ендік пен 160,45° шығыс бойлық нүктесінде орналасқан. Зілзаланың тереңдігі 10 шақырым болған.

Сейсмологтер қазіргі уақытта зілзаланың нақты параметрлерін анықтап жатыр.

Қалада дабыл сиреналары қосылып, цунами қаупі туралы ескерту жарияланған.

Ресей ТЖМ-нің Камчатка өлкесі бойынша бас басқармасының мәліметінше, ықтимал цунамидің ең жоғары толқыны 60 сантиметрден аспайды.

Бұған дейін 17 шілдеде қазақстандық сейсмологтер Ауғанстан аумағында жер сілкінісін тіркеген болатын.