Камчаткадағы Шивелуч жанартауы 11 шақырым биіктікке күл шашты

АСТАНА. KAZINFORM — Камчаткадағы Шивелуч жанартауы 11 шақырымға дейін күл атқылады. Бұл туралы Ресей Ғылым академиясының Геофизика қызметінің өңірлік филиалы хабарлады, деп жазады ТАСС .

Фото: ТАСС

— Күлдің биіктігі теңіз деңгейінен шамамен 11 мың метрге жетті, — делінген хабарламада.

Ключи елді мекеніндегі вулканостанцияның басшысы Юрий Демянчуктың айтуынша, күлдің атқылауы жанартауда жаңа лавалық күмбездің өсуіне байланысты болуы мүмкін.

Шивелуч — Камчаткадағы белсенді жанартау. Оның жасы 60–70 мың жыл деп бағаланады. Жанартау Ескі Шивелуч, ежелгі кальдера және белсенді Жас Шивелуч бөліктерінен тұрады.

Шивелуч Усть-Камчат ауданындағы Ключи елді мекенінен шамамен 50 шақырым, Петропавл-Камчатскийден 450 шақырым қашықта орналасқан.

Айта кетейік, бұған дейін Шивелуч жанартауы 5,5 шақырым биіктікке дейін күл шығарған болатын. Осыған байланысты авиация үшін «қызғылт сары» қауіп деңгейі белгіленген еді.