Бұл туралы Ресей мемлекеттік ақпарат құралдары Ресей Ғылым академиясы Қиыр Шығыс бөлімінің Вулканология және сейсмология институтына қарасты Камчатка жанартауларының атқылауын бақылау тобының (KVERT) мәліметіне сүйеніп хабарлады.
Жанартау атқылауы кезінде күл 5,5 км биіктікке көтеріліп, күл бұлты Шивелучтен шығысқа қарай жылжыған.
Шивелучте қуатты газ-булы белсенділікпен қатар жүретін атқылау жалғасып жатыр. Жанартаудың лава күмбезінің солтүстік бөлігінде жаңа лава блогы өсуде.
Ғалымдардың айтуынша, кез келген уақытта күлдің 12 км биіктікке дейін көтерілуі мүмкін.
Шивелуч – Камчаткадағы ең солтүстікте орналасқан белсенді жанартау. Ол Усть-Камчатск округіндегі шамамен 5 мың адам тұратын Ключи елді мекенінен 45 км қашықта орналасқан.
Айта кетейік, бұған дейін Камчаткадағы Ключевская сопка жанартауы 6 шақырым биіктікке күл атқылағанын жаздық.