Камчаткадағы жер сілкінісінен кейін Ключевская Сопка жанартауы атқылай бастады
АСТАНА. KAZINFORM — Камчаткадағы жойқын жер сілкінісінен кейін Ключевская Сопка жанартауы атқылай бастады, деп хабарлайды Ресей ғылым академиясының Геофизикалық қызметі Камчатка филиалының Telegram-арнасына сілтеме жасап.
— Қазірдің өзінде Ключевский атқылап жатыр, — делінген хабарламада.
Өткен аптада құтқарушылар Авачинский, Безымянный, Шивелуч, Ключевской және Карымский сынды белсенді жанартауларға бармауға кеңес берген болатын. Себебі олардың сейсмикалық белсенділігі жоғарылап кеткен.
Ключевская Сопка немесе Ключевской — Камчатка түбегінің шығысында орналасқан белсенді жанартау және Еуразиядағы ең биік атқылаушы жанартау. Оның биіктігі теңіз деңгейінен шамамен 4700 метрден асады.
Бұған дейін Камчаткада 1952 жылдан бергі ең күшті жер сілкінісі тіркелді. Түрлі деректерге сәйкес, зілзаланың магнитудасы 8,7-ге жеткен.
АҚШ Геологиялық қызметінің мәліметінше, бұл Камчаткадағы зілзала 2011 жылдан бері тіркелген ең қуатты табиғи апат болып отыр және 1900 жылдан бергі әлемдегі 10 ең ірі жер сілкінісінің қатарына кірген.
Камчаткадағы жер сілкінісінен кейін бірнеше елде цунами туралы ескерту жарияланды.
Бұдан бөлек сәрсенбі күні Жапония Ресейдегі Камчаткада болған күшті жер сілкінісінен кейін елдің Тынық мұхиты жағалауында цунами қаупі туралы жария етті. Елде биіктігі 50 см дейін цунами тіркелді.