14:46, 08 Сәуір 2009
Кәмелетке толмаған балалардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелеріне кіруіне шектеу қойылады
АСТАНА. Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Бүгін, сәуірдің 8-інде өткен ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне балалардың қадағалаусыз қалуының профилактикасы және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған заң жобасы Елбасының Жолдауында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру ниетімен әзірленген. Құжаттың негізгі мақсаты кәмелетке толмағандардың құқын, бостандық мүдделерін қорғай отырып, қадағалаусыз қалған балалардың құқық бұзушылығының алдын алуға бағытталған шаралар шеңберін кеңейте түсу болып табылады. Осыған орай, жоба бойынша кәмелетке толмаған балалардың ойын-сауық мекемелеріне түнгі уақытта кіруіне шектеулер салынатын болады. Яғни, кәмелетке толмаған балаларға өздерінің заңды өкілдерінсіз түнгі сағат 23-тен таңғы сағат 6-ға дейінгі аралықта ойын-сауық орындарына кіруге тыйым салынады. Сонымен бірге, түнгі уақытта балаларын ойын-сауық орындарына жібергені үшін ата-аналарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылады. Сондай-ақ, ойын-сауық ұйымдарының жауапты тұлғаларына түнгі 23-тен кейін балаларды кіргізбеу туралы жауапкершілік белгіленеді.
Мамандардың пайымдауынша, жобада қамтылған нормалар балалардың ересектердің қадағалауынсыз қалуы мен құқық бұзушылықтардың алдын алу және олардың жолын кесу жөніндегі профилактикалық шараларды қолдануға мүмкіндік береді. Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.