Кәмелетке толмаған баланың жалғыз ұшуы – не білу керек

Фото: Александр Павский / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Бұған дейін 6 жастан асқан балалар шетелге ата-анасыз ұша алатынын айтқан едік.

Кәмелетке толмаған жолаушы ересек адамның ілесуінсіз ұшу үшін не істеу керек? Ұшақпен ата-анасыз сапарлайтын бала үшін кім жауап береді? Air Astana мамандары түсіндірді.

– Әуе компаниясының қызметіне баланы ата-анасы немесе заңды қамқоршысы әуежайда жөнелту үшін берген сәттен бастап, күтіп алушы адаммен межелі әуежайда кездескенге дейін алып жүру кіреді, – дейді әуе компаниясының қызметкерлері KazInform тілшісіне берген сұхбатында.

Балаларды ересектердің ертуінсіз ұшаққа отырғызу үшін әуе компаниясымен кәмелетке толмағандарды алып жүру туралы келісімге отыру керек. Авиатасымалдаушылардың ресми сайтында ұсынылған келісім үлгісін алдын ала жүктеп алып, үйде толтыруға болады. Сондай-ақ, бұл құжатты ұшуға тіркелу кезінде әуежайдағы әуе компаниясы қызметкерлері де ұсынады.

«Ересексіз бала» қызметінің талаптары:

  • Ұшақ билетін сату агенті арқылы брондау кезінде жетелеушісі жоқ балаларды алып жүру қызметін сұраңыз;
  • Сұранысыңыздың расталғанына көз жеткізіңіз;
  • Билетті рейске дейін кемінде 24 сағат бұрын сатып алыңыз;
  • Халықаралық рейстерде 2 сағат бұрын және ішкі рейстерде 1,5 сағат бұрын құжаттарды тексеру және тіркеу үшін ерте келіңіз (жетелеушісі жоқ баланы қарсы алушы да ерте келуі керек);
  • Кәмелетке толмағандарды алып жүру туралы келісімді тікелей рейстер үшін төрт данада және транзиттік рейстерге алты данада толтырып, өзіңізбен бірге алып келіңіз;
  • Балаңызда тіркеу және отырғызу үшін барлық қажетті құжаттардың бар екеніне көз жеткізіңіз.

Ескерту!

Егер баланы әуежайға алып баратын немесе күтіп алатын адам оның ата-анасы немесе ресми қамқоршысы болмаса, онда бұл адамға баламен жол жүруге рұқсат етілгені туралы ата-анасы немесе қамқоршысы нотариус арқылы рәсімделген сенімхат беруі керек.

Air Astana қызметкерлері «Ересексіз бала» қызметін пайдаланар кезде ескеру керек бірнеше мәселеге тоқталды.

– Баланы шығарып салушы ересек адам рейс ұшқанға дейін әуежайда қалуы керек. Кідірістер болған жағдайда, ол жетелеушісі жоқ бала үшін ұшу уақытына дейін жауап береді. Оған қоса, шығарып салушы адам баланың өз қол жүгін өз бетінше алып жүре алатынына көз жеткізуі керек. Немесе ол жолжүк ретінде рәсімделуі қажет. Баланың өзімен бірге алып кететін заттарды дайындау кезінде жолжүкте және қол жүкте қауіпті заттарды тасымалдауға шектеулер бар екенін ескеру керек. Сондай-ақ, жетелеушісі жоқ балаға билетті «базалық» тарифпен емес, багажды тегін алып жүру нормасын қамтитын тарифпен сатып алуды ұсынамыз, – дейді мамандар.

Әуе компаниясының қызметкерлері ересектердің жетелеуінсіз ұшаққа отырған балаға қауіпсіздік мақсатында ыстық сусындардың берілмейтінін ескертті. Бірақ билет құнына қатысты бірқатар жеңілдіктер қарастырылған.

– Ішкі рейстерде 6–14 жас аралығындағы балалар ересектерге арналған толық тарифке 50% жеңілдік алады. Сізге туу туралы куәлікті және жетелеушісі жоқ балаларды алып жүру туралы келісімді ұсыну қажет. Ал халықаралық рейстерде 6–11 жас аралығындағы балалар ересектерге арналған толық тарифке 25% жеңілдік алады. Балаларға 12 жастан бастап ересектерге арналған толық тариф қолданылады. Баланың шекарадан өз бетінше өтуі үшін сізге төлқұжат, туу туралы куәлік және ата-ананың немесе қамқоршының нотариалды куәландырылған келісімі қажет, – дейді Air Astana қызметкерлері.

Алайда, балалар кез келген халықаралық рейстерде жалғыз ұша алмайды.

– Егер сіздің балаңыз Алматыдан Астана арқылы Франкфуртқа ұшатын болса, алаңдамаңыз – әуе компаниясы оған толық қамқорлық көрсетеді. Яғни бала ұшу барысында жалғыз қалмайды. Астана әуежайына келгенде оны арнайы қызметкерлер қарсы алып, басқа рейске отырғызғанға дейін үнемі ертіп жүреді. Бұл қызмет – ересек адамның ертуінсіз сапар шегетін балаларға арналған. Бірақ транзит уақыты шектелген: Алматы–Астана–Лондон бағыты бойынша күту уақыты 2,5 сағаттан, ал Алматы–Франкфурт, Франкфурт–Алматы немесе Лондон–Алматы бағыттарында 2 сағаттан аспауы тиіс, – дейді мамандар.

Айта кетейік, Иран әуе кеңістігінің уақытша жабылуына байланысты бүгін халықаралық рейс орындаған бірнеше ұшақ Өзбекстан астанасындағы қосалқы әуежайларға қонды.