Кәмелетке толмаған азамат иелік ететін тұрғын үйді қалай сатуға болады

Коллаж: Kazinform / Canva

АСТАНА. KAZINFORM – Кәмелетке толмаған бала толық немесе үлестік меншік құқығымен иелік ететін тұрғын үйді сату қарапайым нотариалдық рәсіммен жүзеге аспайды. Заң мұндай жағдайларда баланың мүддесін қорғауды басты орынға қояды.

Қазақстанда кәмелетке толмағандар жылжымайтын мүлікке әртүрлі жолмен иелік етуі мүмкін. Мысалы, мұрагерлік немесе сыйға тарту арқылы. Сондай-ақ бала тұрғын үйдің белгілі бір үлесіне иелік етуі ықтимал.

18 жасқа дейін бала өз бетінше тұрғын үйді сата алмайды. Мұндай құқық заң бойынша берілмейді. Алайда жас ерекшелігіне байланысты рәсім тәртібі өзгереді.

14 жасқа дейін баланың атынан мәмілені ата-анасының бірі немесе заңды өкілі жасай алады. Бұл жағдайда келісімшартқа ата-ана қол қояды және құжатта оның бала атынан әрекет етіп отырғаны міндетті түрде көрсетіледі.

14 пен 18 жас аралығындағы жасөспірімдер мәмілені ата-анасының немесе заңды өкілдерінің келісімімен жасайды. Келісімшартқа жасөспірімнің өзі қол қояды, ал жанында ата-анасының бірі (немесе өкілі) келісім беретінін көрсетіп қол қояды. Егер ата-анасы болмаса, заңды өкіл ретінде әжесі, атасы, аға-әпкелері қатыса алады.

Сонымен қатар ата-ананың келісімінен бөлек, Қазақстанда қорғаншылық және қамқоршылық органының рұқсаты қажет. Бұл талап тұрғын үйді сату, айырбастау, кепілге қою немесе жалға беру жағдайларына қатысты, яғни бала толық немесе үлестік меншік иесі болған барлық жағдайда қолданылады. Рұқсатты онлайн түрде немесе қорғаншылық органдарына тікелей жүгіну арқылы алуға болады.

Ерекше жағдай ретінде 16 жасқа толған кәмелетке толмаған азамат толық әрекетке қабілетті деп танылуы мүмкін. Егер ол еңбек шарты бойынша жұмыс істесе немесе заңды өкілдерінің келісімімен кәсіпкерлік қызметпен айналысса, мәмілелерді өз бетінше жасауға құқылы. Мұндай эмансипация қорғаншылық органы шешімімен, ал келіспеушілік болған жағдайда сот арқылы рәсімделеді.

Бұған дейін ерлі-зайыптылардың келісімінсіз жасалған мәмілелердің сатып алушылар мен сатушылар үшін қандай тәуекелдер тудыратыны туралы хабарланған еді.