Кәмелетке толмаған қызылордалық түнгі клубта азот оксиді құйылған шар сатқан
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда қаласындағы түнгі клубтардың бірінде азот оксиді құйылған шарлардың ашық түрде сатылып жатқаны туралы хабарлама түсті. Бұл туралы департаменттің баспасөз қызметі жеткізді.
Облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері прокуратура органдарының үйлестіруімен хабарлама негізінде рейдтік іс-шара жүргізді.
— Рейд барысында түнгі клубтан 10 литрлік 4 газ баллоны және полиэтилен пакетке салынған 6 шар анықталып, заттай дәлелдеме ретінде алынды. Қылмыстық кодекстің 301-бабына сәйкес (улы заттардың, сондай-ақ есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді немесе улы заттарды дайындау немесе қайта өңдеу үшін пайдаланылатын заттардың, құрал-саймандардың немесе жабдықтардың заңсыз айналымы) қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды.
Клуб қызметкері кәмелет жасына толмаған екен, сондықтан оның заңды өкілдеріне қатысты тиісті әкімшілік хаттамалар рәсімделді, — делінген хабарламада.
Тәртіп сақшылары демалыс күндері күшейтілген режимде жұмыс істеп, барлық ойын-сауық орнында профилактикалық тексеру жүргізіп келеді.
Жуырда біз Астананың бірқатар көңіл-көтеру мекемесінде 20-дан астам азот тотығы баллоны анықталып, тәркіленгенін жазғанбыз.