Кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтар саны 60 пайызға азайған

АСТАНА. KAZINFORM — Еліміздің әр өңірінде Балалардың құқықтарын қорғау басқармалары ашылады. Жыл басынан бері Астана қаласындағы аталмыш басқарма өз жұмысын бастап кеткен. Бұл жөнінде қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

Фото: Астана қаласының Коммуникациялар қызметі

Жаңа басқарманың негізгі міндеті – балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау ісін жүйелеу. Сондай-ақ құқықбұзушылықтардың алдын алу, оларды ерте анықтау және қалпына келтіру шараларын үйлестіру. Бұл бастама ҚР Президенті Әкімшілігі мен Балалар құқықтары жөніндегі уәкілдің ұсынысымен жүзеге асқан.

— Басқарма білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет және спорт салаларында балалар мүддесіне бағытталған мемлекеттік саясатты іске асырады. Сонымен қатар балалар құқықтарының сақталуын бақылау және қабылданған шаралардың тиімділігіне мониторинг жүргізу басқарманың құзыретіне кіреді. Кәмелетке толмағандарға қатысты қорғаншылық және қамқоршылық функцияларын орындауға ерекше назар аударылады. Басқарма профилактикалық жұмыстарды ұйымдастырып, өмірлік қиын жағдайдағы балаларды жеке сүйемелдейді, - деді Астана қаласының Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Серік Әділбаев.

Бүгінгі күні елордада 545 мыңнан астам бала тұрады. Жыл сайын бұл көрсеткіш 20 мыңға жуық өсіп келеді. Сондықтан бас қалада өмір сүріп жатқан әр баланың қауіпсіздігі маңызды. Осы тұста басқарма жасөспірімдерге қатысты зорлық-зомбылық және тиісті күтім болмаған уақытта жедел әрекет етеді. Сондай-ақ кәмелетке толмаған балалардың істері мен олардың құқықтарын қолдау үшін арнайы сүймелдеу жұмыстары жүргізіледі.

— Қазіргі таңда басқарманың сүйемелдеуінде шамамен 3 000 бала бар, жыл басынан бері 700-ден астам кәмелетке толмаған балаға бару жүзеге асырылған, 300-ге жуық бала психологиялық көмек алды, ал ішкі істер органдарында есепте тұрған 160 балаға жеке кейс-менеджмент аясында сүйемелдеу жүргізіліп келеді, - деді Серік Әділбаев.

Кезекті спикер Еркін Жанабіл елордадағы құқықтық ахуалға тоқталды.

Оның айтуынша, кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтар саны 60,6 пайызға төмендеген. Алайда балаларға қатысты қылмыстар 5,6 пайызға артқан екен.

— Осы жылдың наурыз айында кәмелекет толмағандардың қатысуымен 113 тіркеліп, оның салдарынан 113 бала зардап шеккен. Осы бағытта тұрақты негізде жастар арасында профилактикалық шаралар жүргізіліп жатыр. Қиын өмірлік жағдайға тап болғандарға және қолайсыз, әлеуметтік осал топтарда тәрбиеленіп жатқан балаларға көмек жіті көрсетіліп жатыр, - дейді Астана қаласы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Еркін Жанабіл.

Айта кетейік, Қазақстанда бала құқығын қорғайтын кейс-менеджер лауазымы енгізіледі.