16:57, 18 Маусым 2009
Кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар қатарында ұрлық басым болып отыр
АЛМАТЫ. Маусымның 18-і. ҚазАқпарат /Жанар Шағалақова/ - Кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы қылмыста ұрлық басым болып отыр.
Бұл бүгін Алматы қаласы Әуезов ауданы әкімдігінің жарты жылдық есеп беру кеңесінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Ауданда соңғы бес айда кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдерге қатысты 17 қылмыстық іс қозғалды. Оның ішінде ұрлық жасау алдыңғы орында тұр. Мәселен №123 орта мектептің екі және №139 мектептің бір оқушысы көлік ұрлауға қатысқан. Мектеп жасындағы балалардың өз үйінен қашып кетуі мен хабар-ошарсыз жоғалуы да жиі кездесуде. Биыл 5 айдың ішінде 34 бала үйінен кетіп қалған. Мәселен, №133 мектептің оқушылары, ағайынды Мөлдір мен Мәдина Оразбаевалар, №157 мектептің оқушысы Ақылбек Асанов өз ата-анасынан бөлек тұруды дұрыс деп тапқан», дейді аудандық Ішкі істер басқармасының аға инспекторы, полиция майоры Манат Әбжаппарова. Оның айтуынша, бұл қадамға олардың ата-аналарымен арадағы қарым-қатынасының нашарлығы себеп болған. Бір қызығы, аталған жасөспірімдердің әлеуметтік жағдайы, отбасылық тұрмысы жақсы.