«Ол ең алғашқы қылмысын екі апта бұрын Әуезов ауданында орналасқан тұрғын үй маңында жасаған. «Жигули» автокөлігінің есігін оңай ашқан ол, көлікті айдап алып кеткен. Бала жастан-ақ әкесінің жанында жүріп, көлік жасаудың қыр-сырын меңгерген Азизге көлік есіктерін бұзып ашып алу еш қиындық туғызбаған. Ол ұрланған көліктерді жинап, қосалқы бөлшек ретінде сатып, пайда таппақ болған», - деп атап өтті Алматы қаласы ІІД Жол полиция басқарма бастығының орынбасары полиция полковнигі Мұхтар Түсүпов.
Ал өткен жексенбі күні қолды болған көлік иесі темір тұлпарының ұрланғаны туралы тез арада полицияға хабар беру арқасында ұрланған көлігіне қайта қолы жетті. Қала бойынша жарияланған «Құрықтау» арнайы іс-шарасы қылмыскердің ізін суытпай қолға түсіруге мүмкіндік берді.
«Қылмыскердің мекен-жайына келіп жеткен Әуезов аудандық ішкі істер басқармасының кызметкерлері мен Жол полициясы басқармасының іздестіру бөлімінің мамандары тергеу амалдарын жүргізді. Қылмыскердің үйінің ауласында бұдан бұрын да ұрланған автокөлік пен қосалқы бөлшектер табылды. Ал жас жеткіншектің ата-анасы баласының қылмыс жасап жүргенінен мүлде бейхабар болып шықты. Ол барлық ұрланған көліктерді достарына тиесілі екенін айтып әке-шешесін алдап келген. Атқарылған тергеу амалдарынан кейін ұрланған көліктер өз иелеріне қайтарылды», - деп мәлімдеді Мұхтар Түсіпов.