Атырау облысында «Ақ Жайық» мемлекеттік табиғи резерваты аумағында шамамен 600 гектар жерді қамтыған қамыс өртенді. Өрт Еркінқала ауылынан 15 шақырым жерде тіркелді.
— ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің «Қазавиақұтқару» әуе техникасы оқиға орнына тартылды. Су төгу құрылғысы бар МИ-8 тікұшағы өрт ошақтарына 9 мәрте су шашып, жалпы 27 тонна су төкті, — делінген хабарламада.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрттің елді мекендерге таралу қаупі жоқ. Тілсіз жаумен күреске Атырау облысы ТЖД мен «Ақ Жайық» резерватының қызметкерлері жұмылдырылды — барлығы 82 адам және 17 техника. Сондай-ақ оқиға орнында байланыс пен үйлестіруді қамтамасыз ету үшін командалық-штабтық автокөлік орналастырылды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Атырауды тағы да «Ақжайық» табиғи резерватында жанған қамыс түтіні басқанын жазған едік.
Сондай-ақ, жергілікті төтеншеліктер Атырау тұрғындарына түтін мен ыстың иісіне байланысты көшеге шықпауды ескертті.
Бұған дейін қамыс өртіне тікұшақпен 12 тонна су төгілгені белгілі болды.