Қамыстыбас балық питомнигі метрология заңнамасын бұзған

Фото: Фото: Мухтор Холдорбков/Kazinform

Техникалық реттеу және метрология комитеті Қызылорда облысының Арал ауданында орналасқан «Қамыстыбас балық питомнигі» қызметінде өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы заңнаманы бұзу фактілерін анықтаған. 

— Комитеттің аумақтық бөлімшесі жүргізген жоспарлы тексеру барысында тексеру туралы қолданыстағы сертификаттарсыз өлшеу құралдарын пайдаланған. Заңнаманың бұзылуы жануарлар дүниесін қорғауға, өсімін молайтуға және пайдалануға, орман шаруашылығын жүргізуге, сондай-ақ табиғи су ресурстарымен жұмыс істеуге байланысты қызметті жүзеге асыру кезінде сенімсіз өлшеу құралдарын пайдаланғаны анықталды, — делінген хабарламада.

«Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы» заң талаптарына сәйкес мемлекеттік метрологиялық бақылауға жататын өлшеу құралдары пайдалануға берілгенге дейін, жөндеу жүргізілгеннен кейін және одан әрі пайдалану процесінде міндетті түрде тексерілуі тиіс.

Заң бұзу фактісі бойынша мекеменің лауазымды адамы қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазіргі уақытта кәсіпорын анықталған заң бұзушылықтарды жою және қызметті метрологиялық нормаларға сәйкес келтіру бойынша шаралар қабылдап жатыр.