Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан Азия ойындарында қазақстандық боксшы Қамшыбек Қоңқабаев жартылай финалға жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық боксшы аса ауыр салмақ санатында бахрейндік Данис Латыповпен күш сынасты.
Қамшыбек үшінші раундта нокдаун алып қалғанына қарамастан, қарсыласын ұтты. Төрешілер есебі – 5:0.
Осылайша, Қ.Қоңқабаев кемінде қола медаль алады.
Бокстан Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов Қамшыбектің жекпе-жегі туралы пікір білдірді. "Қарсыласы - Азиядағы мықтылардың бірі. Кездесу тартысты болды. Кем-кетік те болмай қалған жоқ, бір-екі соққы жіберіп алды. Мұның бәрі - алдағы кездесулерге дайындық", – деді ол.
Бүгін Жайна Шекербекова 54 келіге дейінгі салмақта үндістандық Притиге 1:4 есебімен жол беріп, жүлдесіз қалды.
Кешкі сессияда Қазақстаннан тағы үш боксшы рингке шығады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Сағындық Тоғамбайдың Азиаданың жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.
ҚР спортшылары 30 қыркүйекте қатысатын жарыстар кестесін бұған дейін ұсынған едік. Бүгін үш отандасымыз финалға шықты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).