Қытайдың Ханжчоу қаласында өтіп жатқан Азия ойындарында қазақстандық боксшы Қамшыбек Қоңқабаев финалға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аса ауыр салмақтағы қазақстандық боксшы Қамшыбек үндістандық Бервал Нарендермен жұдырықтасты.
Бірінші раундта төрешілердің бәрі басымдықты Қамшыбек Қоңқабаевқа берді. Екінші кезеңде ештеңе өзгерген жоқ.
Қорытынды есеп – 5:0, қазақстандық спортшының пайдасында.
Осылайша, Қазақстан ерлер құрамасынан Қ.Қоңқабаев қана финалға шығып, олимпиада жолдамасын жеңіп алды.
Енді ол алтын үшін өзінің сыралғы қарсыласы, әлем чемпионы, өзбекстандық Баходир Жалоловпен таласады.
Баходир Жалолов Қытай атынан шығып жүрген қазақ жігіті Данабек Байғазыны мерзімінен бұрын тізе бүктірген еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Надежда Дубовицкаяның Азия ойындарында қола жүлдені қанағат тұтқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).