Атап айтқанда, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының музейінде суретші, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Әділғали Баяндиннің «Суретші көзімен» атты шығармашылық көрмесі көрермен назарына ұсынылды.
«Көрмені ұйымдастыруға бір жыл бойы дайындалдық. Өзге көрмелерге ұқсамайтын ерекше болғанын қаладым. Оның басты өзгешелігі - тек дайын туындыларды ғана емес, суреттемесін, нобайын, жобасын, композициясын ұсындым. Өнер сүйер қауымға сурет салу процестерін де көрсеткім келді», - дейді суретші.
Оның айтуынша, қазақи құндылықтарды паш ететін көрмеге 50-ге тарта картина қойылған.
«Қыз Жібек» фильмінде екі жас оңаша қалғанда, араларына қамшы қоятын эпизод бар. Қамшының неліктен қойылғаны туралы ойланып көрдіңіздер ме? Ол қамшы-серт деп аталады. Егер қамшы-серттен жігіт аттаса жігіт опасыз, қыз аттар болса - өз сертін бұзғаны. Ата-бабамыздың сертке беріктігін «Қамшы» атты туындымда бейнеледім», - деп түсіндірді Әділғали Баяндин.
Суретші атап өткендей, бұл өнердің басты қасиеті - аудармашыға мұқтаждықтың болмауында. Яғни, қылқалам шеберлерінің қиялынан туындаған суреттерді кез келген ұлт өкілі түсіне алады.
«Он жылдық тарихы бар Елбасы кітапханасында жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Серіктестік жобасы аясында Әділғали Баяндин сияқты елімізге танымал суретшілердің туындыларын жұртшылыққа таныстырып жатырмыз. Бүгінгі кештің басты кейіпкері тәуелсіздік тарихын өз көзімен көріп, оған өз үлесін қосқан атпал азаматтарымыздың бірі десем артық айтқаным емес. Көркем туындыларында автор алып батырлар тұлғасын, аңшылар, құсбегілер, күйшілер мен ақындар, көшпенділер үрдісін көрсететін сырлы әлемді бейнелейді. Мәселен, Әділғали Баяндин «Көтібар», «Қобыланды», «Тайлақ батыр» атты кітаптардың иллюстрациясының авторы, «Көтібар батыр» және «Бекқұлие» мазарлары жобасын жасаған», - деп атап өтті ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Күләйша Ақтаева.
Директордың орынбасарының айтуынша, аталған жұмыстарды суретші арнайы осы зал үшін әзірлеген. Сондай-ақ, дәл осы залда кезінде Елбасының құрметті қонақтарды қабылдағанын тілге тиек етті.
Айта кетейік, «Суретші көзімен» көрмесі 2017 жылдың 17 қарашасына дейін жалғасады. Кіру - тегін.