ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Қамшыбек Қоңқабаев кәсіпқой бокста бақ сынайтын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл жөнінде MTK Kazakhstan менеджерлік компаниясының Instagram парақшасында хабарланды.
«MTK Kazakhstan бокстан Қазақстан құрамасының капитаны Қамшыбек Қоңқабаевпен келісім-шарт жасалғанын қуанышпен хабарлайды», - деп жазылған аталмыш парақшада.
Еске сала кетсек, Қамшыбек Токио Олимпиадасына 91 келі салмақта жолдама жеңіп алған болатын. Сондықтан былғары қолғап шеберінің алдағы уақытта дүбірлі додада бақ сынауына мүмкіндігі бар.
Айта кетерлігі, ол мұндай бәсекеде тұңғыш мәрте шаршы алаңға шығады.
Қамшыбек Қоңқабаев 1991 жылы 18 қарашада Қызылорда қаласында дүниеге келген. Ол - Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. Әлем (2017, 2019) және Азия чемпионаттарында (2017, 2019) екі-екі мәрте күміс жүлдегер атанды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.