ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Арал ауданындағы Қамыстыбас көлінде екпінді желдің салдарынан су деңгейі көтеріліп, жағасындағы демалыс аймағында орналасқан ғимараттарға елеулі зиянын келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін, 29 наурызда сағат 17.35-те облыстық төтенше жағдайлар департаменті дағдарыс жағдайында басқару басқармасына Қамыстыбас көліндегі су деңгейінің көтерілгені жөнінде ақпарат келіп түсті.
«Екпінді желдің салдарынан Арал ауданы Қамыстыбас көл жағасына жиналған мұз ығысып, көшуі байқалған. Нәтижесінде сол аумақтағы Аққұмшық жазғы демалыс аймағының жағалау аумағындағы жазғы алаңдар мен уақытша құрылыстар ішінара бұзылды. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Сондай-ақ, елді мекендерді су басу қаупі туындамаған», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаментінен.
Зақымдалған құрылыстар саны нақтылануда. Оқиға орнына төтенше жағдайлар департаментінен 2, жергілікті атқарушы органнан 15 қызметкер барды.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда қаласында қатты желден көп қабатты үйдің шатыры ұшып кетті.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.