Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова осылай мәлім етті.
Өз сөзінде ведомство басшысы елімізде жүрек-қан тамыры ауруларын емдеуде жаңа технологиялар енгізілгенін айтып, бұған дейін қолжетімсіз болып келген - тек шет елдерде жасалатын операциялардың елімізде жүзеге аса бастағанына тоқталып өтті.
«2011 жылы жүрекке қатысты 8 мыңнан астам операция жүргізілсе, соның 6,5 мыңы жүрекке ашық жасалды. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Астанада әлемдік деңгейдегі Ұлттық кардиохирургиялық ғылыми орталық ашылды. Өткен 4 айдың ішінде ғана осы орталықта 600 кардиохирургиялық операция, оның ішінде балаларға 119 ота жасалды. Бұған дейін осы санаттағы науқастар шет елдерге жіберілетін еді», - дейді С. Қайырбекова.
Министрдің айтуынша, асқынған инсульт ауруларын халықаралық стандарттар бойынша емдеу үшін өңірлерде 8 инсульт-орталықтары ашылды. 20-дан астам маман шет елдерде біліктілігін жетілдірді.
«Жалпы атқарылған шаралар нәтижесінде қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім елімізде 20 пайызға төмендеп отыр. Біз алдағы уақытта бұл көрсеткішті тағы 20 пайызға жақсартуды міндет етеміз. Ал бұл жалпы халықтың өмір сүру жасын ұзартып,осы санаттағы науқастардың өмір сапасына жағымды әсер беретін болады», - дейді С. Қайырбекова.