Қан құю саласы жемісті жұмыс істеуі үшін ресурстық мүмкіндіктер мен білікті мамандардан бөлек тиімді менеджмент қажет

АСТАНА. 8 маусым. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ -«Қан құю саласы жемісті жұмыс істеуі үшін ресурстық мүмкіндіктер мен білікті мамандардан бөлек тиімді менеджмент қажет»,-дейді Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының директоры Жандос Бүркітбаев.

Орталық директорының пайымдауынша, алдын ала ойластырылмаған біржақты реформалар қан құю қызметі үшін қауіпті болуы мүмкін. «Жалпы алғанда, еліміздегі қан құю қызметіне жүргізілген талдау шаралары бұл саланың қызметін жетілдіру үшін бірнеше бағыт бойынша жүйелі шаралар қолдану қажеттігін көрсетті. Осыған байланысты біз халықаралық тәжірибе негізінде кешенді шараларды қолға алып отырмыз. Бұл бағыттағы бірқатар қадамдар осы уақыттың өзінде жүзеге асырылып жатыр»,-деді Орталық директоры.

Оның пайымдауынша, қан құю қызметін дамыту үшін жоғарыда аталғандармен қоса, зертханалық скрининг пен қан компоненттерін дайындау ісін жетілдіруге барынша көңіл бөлу керек. Сондай-ақ республиканың қан құю орталықтарының бірыңғай ақпарат кеңістігін құру қажет. «Әрбір қан құю орталығына менеджменттің тиімді жүйесін енгізіп, қан құю қызметінің аймақтағы жұмысын құрылымдар бойынша және халықаралық талаптарға сай жұмыс істеткен жөн. Трансфузилогия саласындағы ғылыми-қолданбалы зерттеулерді қолға алып, қан компоненттерін пайдалану бойынша арнайы кеңесші құралдар керек. Қан құю қызметінің нормативті базасын жетілдіру керек»,-деді Ж.Бүркітбаев.