«Медицина саласында Қазақстанның екі жетістігіне зор құрметпен қараймын, яғни посткеңестік кеңістікте алғаш рет инфекция скринингінің автоматтандырылған екі деңгейлі жүйесі енгізілді. Бұл жүйе өте бірегей әрі патогендерді анықтауға көмектеседі», - деді ол Астанадағы «Қанның өтеусіз ерікті донорлығын дамытудың өзекті мәселелері» атты ІІІ Еуразиялық конгресте.
Сонымен қатар Редди еліміздің екінші жетістігі ретінде отандық қан қызметінің жұмысын атап өтті. Бұл ретте жоғары сапада қан компоненттерін бөлу процесіне қатысты жаңа технологиялардың орны ерекше болып отыр.
«Қазақстан патоген-редуценттерін беруді енгізген үшінші ел, Сіздерге дейін Швейцария мен Белгия болды. Содан кейін осы клубқа Франция қосылды. Бұл өз кезегінде маңызды, себебі жоғары сападағы қан компоненттеріне зәру науқастар көптеп кездеседі», - деді халықаралық сарапшы.
Сонымен қатар Р. Редди Қазақстанға алғаш келіп отырғанын айта келе, донорлықты дамыту барша әлем үшін өзекті тақырып екенін жеткізді.
«Денсаулық жағдайы жақсы барлық адамдар қан тапсыруы керек. Себебі науқастар осындай көмекке мұқтаж», - деді ISBT басшысы.
Трансфузиологтар конгресі Астанада 4-7 сәуір аралығында өтеді. Бұл шараға қатысу үшін Қазақстанға халықаралық ұйымдардың өкілдері, Ұлыбритания, Испания, АҚШ, Германия, Жапония және Ресейдің алдыңғы қатарлы трансфузиологтары келді.