Канада 28-ші рет хоккейден әлем чемпионы атанды

Фото: Фото: iihf.com
АСТАНА. ҚазАқпарат – Финляндияның Тампере қаласында хоккейден 2023 жылғы әлем чемпионатының қорытынды матчы өтті, Канада мен Германия әлем чемпионы атағына таласты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz порталына сілтеме жасап.

Канада Германия құрамасын 5:2 есебімен жеңді. Канадалықтардан Сэмми Бле (11 және 45 минутта), Лоусон Круз (38), Тайлер Тоффоли (52) және Скотт Лотон (59) шайба салса, немістерден Джон-Джейсон Петерка (8-минут) пен Даниэль Фишбух (34-ші) мергендік танытты.
Осылайша, Канада құрамасы 28-ші рет әлем чемпионы атанды. Германия құрамасына келер болсақ, олар өзінің тарихтағы ең үздік нәтижесін қайталап, үшінші рет күміс медальға қол жеткізді (команда 1930 және 1953 жылдары «күміс» алған болатын).