Канада АҚШ экономикасына қалай қарсы соққы бере алады

АСТАНА. KAZINFORM – Тауарларының шамамен 70%-ын АҚШ-қа сататын Канада әлемдегі ең ірі экономика саналатын оңтүстіктегі көршісімен ушығып келе жатқан сауда дауы жағдайында қандай нақты ықпал ете алатын мүмкіндіктерге ие екені айтыла бастады. Бұл туралы ВВС жазды.

Фото: ЖИ көмегімен жасалған иллюстрация

Канада АҚШ-тың 26 штаты, соның ішінде Мэн, Мичиган және Висконсин үшін ең ірі экспорттық нарық саналады. Бұған қоса, ол Американың 50 штатының 45-і үшін тауар жеткізу көлемі бойынша алғашқы үштіктің қатарына кіреді. Бұл премьер-министр Марк Карнидің сауда соғысында белгілі бір маневр жасау мүмкіндігі бар екенін көрсетеді.

Әзірге Карни үкіметі дайындап жатқан жауап шаралары стратегиялық сипатта. Олар АҚШ-тың тарифтеріне «долларға – доллар» қағидаты бойынша қарсы әрекет етуді көздейді. Нысанаға болат, сүт өнімдері, тұрмыстық техника, ауыл шаруашылығы жабдықтары, электроника және целлюлоза-қағаз өнеркәсібі алынуы мүмкін. Дегенмен түпкілікті тізім әлі әзірленіп жатыр.

Сауалнамалар канадалықтардың көпшілігі үкімет АҚШ-қа елеулі жеңілдік жасаса, мұндай шешімді қолдамайтынын көрсетеді. Бұл ұстанымды Трамптың Канададағы ең қатаң сыншыларының бірі – Онтарио провинциясының премьері Даг Форд та қолдайды. Ол АҚШ президентінің тариф енгізу туралы қоқан-лоқысына жауап беріп, Трампқа дөрекі түрде қарсылық білдірген.

Канада АҚШ-қа экономикалық қысым көрсете алатын негізгі салалардың кейбірі мыналар.

Энергетика және аса маңызды пайдалы қазбалар

Сенбі күні Карни Канада АҚШ-қа табиғи газ бен электр энергиясының басым бөлігін, сондай-ақ оның шикі мұнай импортының шамамен 60%-ын жеткізетінін атап өтті.

– Меніңше, олар біздің бұл энергияны жеткізуді тоқтатқанымызды қаламайды, – деді ол.

Энергетика саласы әзірге Канада қарастырып отырған ресми жауап шараларының қатарына кірмейді. Дегенмен бірқатар саясаткер мұндай мүмкіндік жоққа шығарылмайтынын ашық айтып жүр. Бұл тетікті пайдалануға барлық провинция басшысы бірдей мүдделі емес.

Канаданың автокөлік өнеркәсібінің орталығы саналатын Онтарио провинциясының премьері Даг Форд сауда дауының қаншалықты алысқа баратынын болжаудан бас тартып, электр энергиясына қосымша үстеме енгізу нұсқасы қарастырылып жатқанын мәлімдеді.

2025 жылы ол АҚШ-қа экспортталатын электр энергиясының барлығына уақытша 25% үстеме енгізуді ұсынған. Онтарио үкіметінің бағалауынша, мұндай шара Мичиган, Миннесота және Нью-Йорк штаттарындағы 1,5 млн үй мен кәсіпорынға әсер етер еді.

Канада сондай-ақ аса маңызды шикізаттың ірі жеткізушісі. Соның бірі – тыңайтқыш өндірісінде қолданылатын калий. Канада бұл шикізатты жеткізу бойынша әлемдегі жетекші елдердің бірі.

– Трамптың мұнайсыз көліктерді қалай жүргізетінін көргім келеді. Калийсіз көкөніс пен жемісті қалай өсіретінін де көргім келеді, – деді Форд дүйсенбі күні. – Президент Трамп бізді бағаламай отыр, оның ең үлкен қателігі де – осы.

Канадада литий, никель және графит секілді аса маңызды минералдардың да елеулі қоры бар.

АҚШ – Канаданың пайдалы қазбалар экспортының негізгі нарығы. Сондықтан бұл сала да Оттава Вашингтонға қысым жасау үшін пайдалана алатын ықпал тетіктерінің бірі саналады.

Бұл мәселеде де Форд қатаң ұстаным білдіріп, Associated Press агенттігіне берген сұхбатында АҚШ «Онтариодан бір түйір құм да алмайтынын» мәлімдеді.

Айта кетейік, бұған дейін Трамп Канададан әкелінетін көлікке 50 пайыздық баж салығын енгізгелі жатқанын жаздық.