Канада АҚШ тауарларына қарсы баж салығын енгізеді
АСТАНА. KAZINFORM – Канада премьер-министрі Джастин Трюдо Трамп әкімшілігінің тарифтері сейсенбі күні күшіне енетін болса америкалық тауарларға баж салығын енгізетінін мәлімдеді, деп хабарлайды CNBC.
Канада премьер-министрі Джастин Трюдо дүйсенбі күні мәлімдегендей, Канада америкалық тауарларға, жалпы құны 155 миллиард канадалық доллар (107 миллиард АҚШ долларын) болатын өнімдерге 25 пайыздық баж салығын енгізеді. Бұл шара АҚШ-тың канадалық тауарларға енгізген тарифтеріне жауап ретінде қабылданады.
Жауап ретінде қолданылатын шаралар екі кезеңде жүзеге асырылады. Джастин Трюдоның түсіндіруінше, сейсенбіден бастап Канада америкалық тауарларға, жалпы құны 30 миллиард канадалық доллар болатын өнімдерге 25 пайыздық баж салығын енгізеді, ал қалған 125 миллиард канадалық доллар көлеміндегі тауарларға салынатын баж салығы 21 күннен кейін күшіне енеді.
— Біздің тарифтеріміз АҚШ-тың сауда санкциялары жойылмайынша сақталады, ал егер АҚШ тарифтері жойылмаса, біз бірқатар тарифтік емес шараны қабылдау үшін провинциялар мен аумақтармен белсенді және тұрақты келіссөздер жүргіземіз, — деп қосты Джастин Трюдо.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп дүйсенбіде Мексика мен Канадаға 25 пайыздық баж салығы 4 наурыз, сейсенбі күні күшіне енетінін мәлімдеді.