Канадада 40 автокөлік қақтығысты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Канадада боран мен көктайғақтың салдарынан 40 автокөлік соғылып қалды. Апаттың салдарынан 33 адам зардап шегіп, оның 7-еуі ауыр халде ауруханаға жатқызылды.

Жаппай жол-көлік апаты Квебек провинциясының Сент-Адель қаласының маңындағы 15-ші тасжолда орын алған. Апат жолға мұз қатып және күшті боран салдарынан болған. Қатты зақымданған көліктердің ішіндегі адамдарды шығарып алу үшін құтқарушыларға гидравликалық құрал-жабдықтарды қолдануға тура келген. Тасжолдағы қозғалыс тек кешке ғана қалпына келтірілді, деп хабарлайды lenta.ru.

Агенттіктің хабарлауынша, сол күні кешке қарай дәл осы 15-ші тасжолдың бойында, Мирабель қаласының маңында 30 автокөліктің қатысуымен тағы бір ірі жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл жолы зардап шеккендер туралы ақпараттар болған жоқ.

Ал осы жолға параллель 117-ші тасжолда да күні бойы қозғалыс бір тоқтап, бір жанданып тұрған. Бұл жолда да ірілі-ұсақты жол-көлік оқиғалары орын алды.