Канадада алапат орман өртінен мыңдаған адам көшірілді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Канаданың Альберт провинциясының солтүстігіндегі Хай Левел қаласының жанындағы орман өртеніп жатыр. Қазір жалын шарпыған аумақ 105 200 гектардан асқан, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА CTV телеарнасына сілтеме жасап.

Өрт салдарынан 5 000-ға жуық адам қауіпсіз жерге көшірілген.

Өртті сөндіру жасағының басшысы Скотт Элиоттың айтуынша, жалын желдің екпінімен солтүстікке және солтүстік-шығысқа қарай жылжуы мүмкін.

Өртті сөндіруге 600 өрт сөндіруші, 28 тікұшақ, 8 ұшақ, көптеген арнаулы техникалар жұмылдырылған.

Жергілікті өрт сөндірушілерге көмек ретінде Британ Колумбиясы, Онтарио, Ханзада Эдуард аралынан жәрдемші жасақтар жіберілді.

Бірнеше жолдар жабылған. Жергілікті билік ауа сапасының нашарлайтынын тұрғындарға ескертіп жатыр.