Канадада әскери жаттығу кезіндегі өрт бес адамның өмірін қиды

АСТАНА. KAZINFORM — Канаданың Қарулы күштері өткен айда әскери жаттығу кезінде әскерилерді шарпыған өрттен жарақат алған бесінші сарбаздың көз жұмғанын хабарлады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі NBC News -ке сілтеме жасап.

Фото: pinterest.com

Қатардағы жауынгер Уильям Дуглас Дал Бьянко жұма күні Онтарио провинциясындағы ауруханада көз жұмды. Ол 17 қазанда Альберта провинциясындағы Канаданың Уэйнрайт әскери базасында болған өрттен кейін осы ауруханада ем қабылдап жатқан.

Эдмонтон қаласының оңтүстік-шығысындағы әскери базада Патриция ханшайымның атындағы Канаданың жеңіл жаяу әскер полкінің 3-батальонына қарасты 84-ке жуық сарбаз шабуылға тойтарыс беру жаттығуын өткізіп жатқан. Сол кезде даладағы өрттің жалыны қатты желдің әсерінен әскери қызметшілерге қарай лап қойған.

Әскерилердің мәліметінше, қазір 24 сарбаз ауруханада ем қабылдап жатыр. Бұған дейін 19 бен 26 жас аралығындағы бір сержант пен үш қатардағы жауынгер көз жұмды.

Әскери полиция өрттің шығу себептерін анықтап жатыр. Бұдан бөлек арнайы құрылған әскери комиссия оқиғаның мән-жайын зерделеп, осындай қайғылы жағдайлардың алдын алу жөнінде ұсыныстар әзірлейді.

Әскерилердің айтуынша, бұл өрт – Канада тарихындағы бейбіт кезеңде ел әскері тап болған ең ауыр қайғылы оқиғалардың бірі.

Бұған дейін Түркияда S-70 тікұшағы апатқа ұшырап, төрт әскери қызметкер қаза тапқаны хабарланған болатын.