Канадада баланың қылығы ұшақ рейсінің тоқтауына себеп болды

АСТАНА. KAZINFORM — Канадалық Porter Airlines әуе компаниясының рейсі алдыңғы аптада кішкентай бала өз орнына отырып, қауіпсіздік белдігін тағудан бас тартқаннан кейін тоқтатылды. Бұл туралы Associated Press агенттігі жазды.

Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Ұшақты терминалға қайтаруға тура келген. Ал осыған байланысты туындаған кідіріс салдарынан әуежай рейс ұшып үлгермей тұрып, ұшу-қону жолағын жауып тастаған.

Porter Airlines компаниясының жексенбі күні хабарлауынша, ата-анасы мен экипаж мүшелері баланы бірнеше рет орнына отырғызып, қауіпсіздік белдігін тағуға тырысқан. Алайда оны көндіру мүмкін болмаған. Нәтижесінде ұшақ Британдық Колумбиядағы Виктория халықаралық әуежайының терминалына оралды. Ата-анасы баласымен және жүк-багажымен бірге ұшақтан түскен.

Бейсенбі күні Торонтоға бағыт алған рейс түнгі сағат 00:30-ға дейін, яғни әуежайдағы ұшу-қону жолағы жабылатын уақытқа дейін кешікті. Осыған байланысты қалған жолаушылар да ұшақтан шығуға мәжбүр болды.

Porter Airlines жолаушылардан кешірім сұрады. Олар келесі күні Торонтоға ұшатын рейске қайта отырғызылды.

Еске салайық, бұған дейін АҚШ-та дауылға байланысты 2000-нан астам рейс тоқтағанын хабарлағанбыз.