Канадада мыңдаған студент наразылық акциясына шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Канаданың Монреаль қаласында жұма күні мыңдаған студент өмір сүру құны мен оқу ақысының қымбаттауына қарсы наразылық акциясына қатысты. Бұл туралы ТАСС агенттігі хабарлады.

Фото: Рixabay

Канада университеттерінің мыңдаған студенті қатысқан акцияны «Студенттік кәсіподақтардың бірлігі жолындағы қарсылық коалициясы» атты кәсіподақ бірлестігі ұйымдастырған.

CTV News хабарлауынша, студенттер Франциядағы наразылық акцияларынан кейін 5 күн бойы Монреаль көшелеріне шыққан.

Наразылық кезінде акцияға қатысушылардың кейбірі Монреальдағы Дүниежүзілік сауда орталығы ғимаратының терезелерін сындырған. Сондай-ақ кейбір студенттер полиция қызметкерлеріне тас лақтырғаннан кейін наразылар мен тәртіп сақшылары арасында қақтығыс болған.

Полиция қызметкерлеріне шабуыл жасады деген күдікпен үш адам ұсталды.

Еске сала кетейік, Германияда мыңдаған адам Иран халқына қолдау білдіріп, шеруге шыққан болатын.