Канадада сауда орталығының шатыры опырылып құлады: құрбандар бар

АСТАНА. 25 маусым. ҚазАқпарат - Канаданың Онтарио провинциясында орналасқан Эллиот-Лейк шағын қаласында сауда орталығының шатыры опырылып құлады, деп хабарлады РБК-дан.

Жергілікті полиция кем дегенде бір адам қаза тапқандығын хабарлады. Провинцияның полиция инспекторы Перси Джоллимордың айтуынша, оқиға орнында түсірілген кадрларда үйінділердің арасында адамның қолы мен аяғы көрініп тұрды. 22 адам жарақат алды, олардың төртеуі ауруханаға жеткізілді.

Қала мэрі Рик Гамильтон төтенше жағдай жариялады.

Қазіргі уақытта құтқарушылар үйінділерді қопару бойынша толық көлемді жұмысты бастай алмай отыр, себебі, ғимараттың қалған бөлігінің құлау қаупі бар.  

Үйінділер астында қанша адамның жатқандығы туралы мәліметтер әртүрлі. Жергілікті билік бетон астында кем дегенде екі адамның қалғаны туралы айтса, полиция мәліметтерінше, тоғыз адамның тағдыры белгісіз.

Өрт қауіпсіздігі қызметінің өкілдері бетонды плиталардың астынан дауыстар шығып жатқандығын айтты.