Канададан іздеуде жүрген нацистік қылмыскер табылды

АСТАНА. 28 сәуір. ҚазАқпарат - Бүкіл әлемнен нацистік қылмыскерлерді іздеумен айналысатын Симон Визенталь орталығы тізімдегі төртінші күдікті бүгінгі таңда Канадада тұрып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлады ИТАР-ТАСС.

Нацистік қылмыскер болуы мүмкін деп топшыланған адам 91 жастағы бал арасын өсіруші Владимир Катрюк болып шықты. Бней-Брит еврей қоғамдық ұйымының канадалық филиалы өкіметке Катрюкті Канада азаматтығынан айыру туралы шағым түсірді, деп хабарлады Лента.ру  The Canadian Press басылымына сілтеме жасап. Визенталь орталығының құқық қорғаушылары оны Еуропаға эстрадациялауды талап етуде, онда ол сотқа тартылуы мүмкін.  

Визенталь орталығының мәліметінше, Катрюк Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Беларус аумағында әрекет еткен украиндық 118-ші күзет полицей батальонында қызмет еткен.

Лундтағы (Швеция)  университеттің тарихшысы Пер Андерс Рудлингтің жүргізген жаңа зерттеулеріне сәйкес Катрюк партизандарға көмек көрсеткен беларустың Хатынь деревнясының тұрғындарын өлтіруге белсене қатысқан.

1943 жылы деревняның барлық тұрғындарын сарайға қуып тығып, өртеп жіберген. Куәгерлердің бірінің айтуынша, оттан құтылу үшін сарайдан қашпақ болғандарды Катрюк атып өлтірген.

Катрюк 1951 жылы Канадаға эмиграцияға келген. Азаматтық алу кезінде ол нацистермен ешқандай байланысы жоқ екендігін мәлімдеген. Алайда жергілікті өкімет орындары оның нацистермен байланысын сезіп қалып, канадалық азаматтықтан айырған. 2007 жылы мамырда дәлелдердің жеткіліксіздігінен шешім қайта қаралып, 2010 жылғы қарашада оған канадалық азаматтық қайтарылғанын федералдық апеляциялық сот қуаттаған.

Қазір Катрюк әйелімен бірге Монреальдан бірнеше сағат қашықтықтағы Ормстаун елді мекенінде өзінің жеке меншік шағын фермасында тұрады. Ол 1959 жылдан бері өз омартасының балын сатумен табыс табады.

Бұрын Катрюк нацистік қылмыстарға ешқандай қатысы жоқ екенін айтып, азар да безер болған, ал қазір ол жаңа тарихи зерттеулерге түсінік беруден басын алып қашып отыр.