«Жаңадан құрылған Ұлытау өңірінде халықаралық стандарттарға сай жаңа техникалық университет ашу жоспарланған. Қазіргі таңда Үкімет қаулысы шықты, 90 млн теңге бөлінді, арнайы жұмыс тобы құрылып, канадалық университеттермен оқу бағдарламалары мен пәндері пысықталуда. Әкімдік тарапынан жер бөлінді», - деді С. Нұрбек Орталық коммуникациялар қызметінде.
Министрдің айтуынша, жаңа білім ордасындағы үш негізгі бағыт – металлургия, компьютерлік инженерия және қоршаған ортамен байланысты мамандықтар болмақ. Дегенмен нақты шешімді жұмыс тобы қабылдайды.
«Халықаралық жаңа университетті нөлден құру оңай емес, бұл уақытты талап етеді. Қазір инженерлік желілердің жүргізілуін күтіп отырмыз. Бұл жөнінде әр жарты жыл сайын есеп беріп отырамыз. Келесі 2025 жылы дайындық бағдарламалары оқытыла бастайды. Неге десеңіз, канадалық серіктестер қоятын ең үлкен талап – тіл білу. Сондықтан келесі жылы дайындық курстарына талапкер қабылдау жоспарланған», - деді Ғылым министрі.
Еске сала кетсек, елімізде 2021 жылдан бастап әлемдік жоғары оқу орындарының 14 филиалы жұмыс істеуде. Жақын аралықта тағы 8 шетелдік ЖОО филиалы ашылады.