Western Canada Lottery лотереясынан қомақты ақша ұтып алған канадалық зейнеткер өз туыстарының үмітін ақтамады. Атап айтқанда, 65 жастағы Том Крист 40 миллион канада долларын қайырымдылыққа беруге шешім қабылдады, деп хабарлайды Associated Press.
Өмір бойы өзін және отбасын қамтамасыз етуге жеткілікті табыс тапқанын айта келіп, "маған шын мәнінде бұл ақшаның қажеті жоқ", - деді Крист. Зейнетке шыққанға дейін ол электр тауарларын сатумен айналысатын фирманы басқарған.
Канадалық азаматқа ұтысы туралы телефон арқылы гольф ойнап жатқан кезінде хабарлаған. Бастапқыда аяқ астынан миллионер болып шыға келген Крист туыстарына ақша туралы айтпаған және лотереяны ұйымдастырушыларға да бірден келе қоймаған.
Ақыр аяғында Том Крист бәрінен бұрын бұл ақшаны қайырымдылыққа берген дұрыс деп шешкен. Оның сөзіне қарағанда, ол екі жыл бұрын қатерлі ісіктен көз жұмған әйелін осылайша еске алған.